ШЫМКЕНТТЕ «SHYMKENT BIKE» ВЕЛОСТАНЦИЯЛАРЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ



Шымкентте «Shymkent Bike» жобасының велостанциясы салтанатты түрде ашылды. Қаладағы велоспорт пен веложол инфрақұрылымын дамытудың осынау жобасын Шымкент әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ бірге іске асырып отыр.

     Жобаның ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, «Самұрық-Қазына» АҚ адам ресурсын басқару басқармасының атқарушы директоры Ұлан Тәжібаев, Қазақстанның велоспорт федерациясы қоғамдық қорының президенті, «Самұрық-Қазына» АҚ коммуникация бойынша атқарушы директоры Дархан Қалетаев, «Самұрық- Қазына» АҚ әлеуметтік жобалар қызметінің жетекшісі Нұрлан Оразалиев және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Ерлан Даримов қатысты.

      - Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары! Бүгін баршамыз үшін салтанатты күн – біздің қаламызда Shymkent bike жобасы іске қосылды. Шамамен бір миллиондай халқы бар Шымкент күн санап қарқынды дамып келеді.  Бұның барлығы балабақша құрылысынан бастап, мектеп пен осындай жобаларға дейін тиісті инфрақұрылымды дамытуды талап етеді. Яғни велотұрақтар орнату – қазіргі заманның талабы, халықтың қажеттілігі. Климаттық тұрғыдан өте ыңғайлы біздің қала тұрғындарының қызығушылығын арттырып, велосипед жалпыхалықтық көлік қатынас құралына айналады деп сенемін. Бүгінде қаламызда 200 велосипедке арналған 40 тұрақ салынуда. Қажеттілік бойынша оның санын ұлғайтатын боламыз. Әрине, мұнда ұйымдастырушылық мәселелер де жоқ емес. Ол дегеніңіз веложол салу, қауіпсіздік мәселелері, велосипед айдау мәдениеті. Бұл тұрғыда жұмыстар қарқынды жүріп жатыр жəне өз жалғасын табатын болады, - деді Ғ. Әбдірахымов.

      Қатысушылар орыс драма театрынан шығып, қалалық әкімдікке дейін велосипедпен барды. Сол жерде өздерінің алған әсерін БАҚ өкілдерімен бөлісті.